Жазғы демалыс кезінде бала өміріне қауіп төндіретін негізгі орындардағы қауіпсіздік ережелерін ұсынамыз:

21.07.2026
  • Жазғы демалыс кезінде бала өміріне қауіп төндіретін негізгі орындардағы қауіпсіздік ережелерін ұсынамыз:
    1. Судағы қауіпсіздік:
    Жазғы шомылу маусымында су айдындары ең қауіпті аймаққа айналады. Балалар судың тереңдігі мен ағысын байқамай, лезде қайғылы жағдайға тап болуы мүмкін.
    • Басты ереже: Баланы су жағасында бір секундқа да қараусыз қалдырмаңыз. Сөйлесіп тұрған телефоныңыз немесе алаңдаған бір сәтіңіз орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.
    • Шомылуға тек арнайы рұқсат етілген, құтқарушылары бар жағажайларды ғана таңдаңыз.
    • Баланың денесіне шақ келетін құтқару кеудешелерін немесе нарукавниктерді міндетті түрде кигізіңіз. Үрлемелі матрастарға сенуге болмайды.
    • Баланы белгісіз жерлерде суға секіруге және су астында бір-бірін ұстап ойнауға тиым салыңыз.
    2. Жолдағы қауіпсіздік:
    Жол-көлік оқиғалары – балалар жарақатының ең жиі кездесетін себептерінің бірі.
    • Балаңызға кішкентай күнінен бастап жолдан өту ережелерін («Тоқта! Қара! Өт!») үйретіңіз. Жолдан тек бағдаршамның жасыл түсіне және жаяу жүргіншілер жолағымен (зебра) өтуді әдетке айналдырыңыз.
    • Жеке үлгі: Өзіңіз жол ережесін бұза отырып, баладан тәртіп талап ете алмайсыз. Олар сіздің іс-әрекетіңізді қайталайды.
    • Автокөлікте баланы тек арнайы балалар креслосына отырғызып, қауіпсіздік белдігін тағыңыз.
    • Велосипед, самокат немесе ролик тепкенде баланың басына шлем, тізесі мен шынтағына қорғаныш құралдарын кигізуді ұмытпаңыз.
    3. Табиғаттағы қауіпсіздік:
    Табиғат аясына серуендеу де белгілі бір қауіп-қатерлермен байланысты.
    • Орманда бала әрқашан сіздің көру аймағыңызда болуы керек. Адасып кетпеуі үшін оған ашық түсті киімдер кигізіңіз.
    • Балаға таныс емес жидектерді, саңырауқұлақтарды аузына салуға, белгісіз өсімдіктерді ұстауға болмайтынын қатаң ескертіңіз.
    • Кене мен басқа да жәндіктерден қорғайтын арнайы спрейлерді (репелленттер) қолданыңыз. Ормандан қайтқан соң баланың денесін мұқият тексеріңіз.
    4. Терезеден құлаудың алдын алу:
    Жыл сайын жылымық басталысымен биіктен, яғни терезеден балалардың құлау оқиғалары жиілейді. Бұл – қазіргі қоғамның ең ауыр жарасы.
    • • Ең маңыздысы: Москит торы баланы ұстап тұра алмайды! Ол тек шыбын-шіркейден қорғауға арналған. Бала оған сүйенген сәтте тор бекіткіштері шыдамай, баламен бірге ұшып кетеді.
      • Терезелерге міндетті түрде арнайы блокираторлар (балалар құлпын) орнатыңыз. Олар терезенің кең ашылуына жол бермейді, тек желдету режиміне ғана ашады.
      • Терезенің алдына бала өрмелеп шыға алатындай диван, үстел, орындық сияқты жиһаздарды қоймаңыз.
      • Баланы терезе алдына тұрғызып, далаға қаратуды әдетке айналдырмаңыз. Бұл оның терезеге деген қорқынышын жойып, қызығушылығын арттырады.
      Құрметті ата-аналар! Балалардың қауіпсіздігі – оларға ережелерді жалықпай түсіндіруден және біздің қырағылығымыздан басталады. Балаңызға қауіпсіз орта сыйлаңыз, өйткені олардың өмірі мен денсаулығы – біздің қолымызда! Сақ болыңыз, балаларды қорғаңыз!
Просмотров: 687

Қосымшалар:



Пікір қосу



Деректерді қолтаңбаға қосу